Сербияның ішкі істер министрлігі (ІІМ) ел аумағында мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалған алты адамды ұстады. Бұл туралы N1 телеарнасы ведомствоның ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ресми ақпаратқа сәйкес, күдіктілер 21 маусымда Кралево қаласындағы қонақүйде жиналыс өткізіп, билікті күшпен басып алу, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне, құқық қорғау органдары мен бірқатар БАҚ өкілдеріне қарулы шабуыл ұйымдастыру жоспарын талқылаған. Арнайы операция кезінде 47-ден 57 жасқа дейінгі алты азамат ұсталды. Олардың біреуінің көлігінен сериялық нөмірі жойылған мылтық пен 25 оқ-дәрісі бар қорап табылған. Қаруды сақтау үшін ешқандай рұқсат құжаттары болмаған.
Қазіргі таңда ІІМ және басқа да құзырлы органдар елдің бірнеше өңірінде тінту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрлік мәлімдегендей, бұл – Сербия конституциялық құрылымына төнген елеулі қауіп, әлі тергеу шаралары жалғасып жатыр.
Бұл оқиға Сербиядағы ішкі саяси ахуалдың шиеленіскенін көрсетіп отыр. 2024 жылдың қараша айында Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының шатыры құлап, 15 адам қаза тапқан трагедиядан кейін елде үкіметке қарсы наразылық күшейген болатын. Осыдан кейін премьер-министр Милош Вучевич және бірнеше жоғары лауазымды тұлға қызметінен кеткен еді.
Бұрынғы вице-премьер Александр Вулин 2025 жылдың наурыз айында Батыс Сербияда өткен митинг кезінде елдің ішкі наразылығын пайдалана отырып, "Брюссель Сербия президенті Александр Вучичті биліктен тайдыруға тырысып жатыр" деп мәлімдеген. Сонымен қатар ол елдегі тұрақсыздықты Мәскеумен қақтығысу қаупімен байланыстырған болатын.