Сенатта шекаралық нысандар құрылысының мәселелері талқыланды

Кеше, 18:27
203
Бөлісу:
Сенатта шекаралық нысандар құрылысының мәселелері талқыланды
Фото: Сенат

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде шекаралық заставаларды салу және жаңғырту мәселелеріне арналған отырыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шараға мүдделі тараптар, мемлекеттік органдар, құқық қорғау және қаржы құрылымдарының өкілдері қатысты.

Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин шекара нысандары құрылысының кешеуілдеу мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы бөлінгенімен, көптеген нысандардағы жұмыс не тоқтап қалған, не тым баяу жүзеге асуда.

Біз Солтүстік Қазақстан облысындағы "Ақкөл" шекара бөлімшесі сияқты нысандардың құрылысы тоқтап қалғанын өз көзімізбен көрдік. Мәселенің себебін анықтау әрекетінен ештеңе шықпады, нақты жауап ала алмадық. Сонымен қатар, мұндай жағдай шамамен 20 нысанда байқалып отыр, бұл мердігерлерге салмақты сұрақ қоюды талап етеді, – деді Андрей Лукин.

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев өз кезегінде қаржыландыру мен су тасқыны кезіндегі қиындықтарға байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, жұмыс кестесін бұзған мердігер ұйымдарға айыппұл салу туралы ескерту жолданған, ал 20 нысан құрылысының бірінші кезеңін 2025 жылы аяқтау жоспарланыпты.

Отырыс барысында бюджет қаржысын мақсатты түрде пайдалануға бақылауды күшейту мәселесі мен тапсырыс берушілер, мердігерлер және қадағалау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

Сенаторлар құрылыс мерзімін сақтау және екінші кезеңдегі құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажеттігіне ерекше назар аударды. Екінші кезең аясында тағы 30 шекаралық нысан салу жоспарланып отыр.

Кездесуге қатысушылар барлық тараптың міндеттемелерді қатаң орындалуы маңызды екенін және мұндай айрықша жобаларды жүзеге асыруда жауапкершілікті арттыру қажеттігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы