Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін талқылау бойынша кеңейтілген отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өткен жылғы республикалық бюджетті атқару қорытындысы бойынша түсімдер 99,9%-ға орындалып, 19 трлн теңгеге, ал шығыстар 99,6%-ға немесе 22,4 трлн теңгеге атқарылғаны туралы сенаторлар хабардар етілді. Бюджеттің игерілмеуіне мемлекеттік сатып алудың сапасыз жоспарлануы, мердігерлер міндеттемесінің тиісінше орындалмауы және сатып алу нәтижесіне шағымдануы әсер етіп отыр. Жағдайды жақсарту үшін тапсырыс беруші мекемедегі бірінші басшыға бір жерден сатып алуға дербес жауапкершілік енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден мемлекеттік сатып алу көлемі 24%-ға дейін төмендетілді.
Жоғары аудиторлық палатаның өкілі өз кезегінде орталықтан берілетін субвенция өңірлердің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешудің негізгі көзі болып қала беретінін атап өтті. 2023 жылы субвенция көлемі 2022 жылғы деңгейден екі еседен астам асып түсті. Өңірлерге республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің жалпы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 7%-ға ұлғайып, өсіп келеді. Өңірлерде 4,2 трлн теңге немесе бөлінген көлемнің 92%-ы игерілді.
Сенаторлар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау қорытындысы бойынша есепті Палатаның қарауына енгізу туралы шешім қабылдады.