Сенатта «Өңір» депутаттық тобының отырысы өтті

22 Қазан 2021, 15:40
2504
Бөлісу:
Сенатта «Өңір» депутаттық тобының отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Сенатта жаңартылған құрамдағы «Өңір» депутаттық тобының отырысы өтті. Аталған топтың жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі – Қазақстанның өңірлерін дамытуға қатысты ұсыныстар әзірлеу.

Отырысты ашқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы өңірлерді дамытуға баса мән беріп отырғанын, соған байланысты депутаттардың алдында маңызды міндеттер тұрғанын айтты.

Мемлекет басшысы өңірлік саясатты жетілдіруге, олардың әлеуетін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса мән беріп отыр. Таяуда ғана Президентіміз Ұлттық жобалар тізбесін бекітіп, Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Ұлттық жобалардың бірі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деп аталады. Осы орайда депутаттық топ өзіне берілген өкілеттіктер аясында Президент тапсырмаларының іске асырылу барысына бақылау жүргізе алатынын атап өткен жөн. Сондай-ақ осы салада заңнамалық ұсыныстар әзірлеу мүмкіндігін де пайдаланған жөн, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айтқан өңірлік дамуға қатысты басымдықтарға да тоқталып өтті. Атап айтқанда, Мәулен Әшімбаев барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тетіктерін оңтайландыру мәселесіне назар аударды. Ол сенаторлар жергілікті жерлердегі тәжірибелеріне сүйене отырып, азаматтар мен билік өкілдері арасындағы салиқалы қарым-қатынасты нығайтуға өз үлестерін қоса алатынын айтты.

Сондай-ақ отырыс кезінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңсіздіктерді азайту, олардың қаржылық дербестігін арттыру және урбандалу, ауылдарды дамыту, өңірлердің инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері сөз болды. Мұның бәрі Президент Жолдауында белгіленген нақты міндеттер екені белгілі.

Іс-шараға қатысушылар өңірлерді дамыту мәселесі Сенат жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі екеніне тоқталды. Сол себепті, сенаторлар бұл мәселені жан-жақты талқылап, оған үнемі ерекше көңіл бөліп келеді. Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта да Сенат тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтты.

Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті проблемалары мен перспективалары бойынша парламенттік тыңдау өткіземіз. Келесі жылдың бірінші тоқсанында бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша үкімет сағатын өткізу жоспарланған. Онда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңсіздіктерді азайту мәселелері қаралады. Осы орайда депутаттық топтың қызметін жаңғырту аталған проблемаларды талқылауға және заң шығару саласында конструктивті ұсыныстар әзірлеуге тың серпін береді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар депутаттық топтың отырысында өңірлік дамуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Атап айтқанда, ауыл халқын сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету, олардың инфрақұрылымдық дамуына жағдай жасау, азаматтардың еліміздегі еңбек күші көп аймақтардан еңбек күші тапшы өңірлерге көшуі және тағы басқа маңызды мәселелер талқыланды.

 


Өзгелердің жаңалығы