Сенатта Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысы өтті

31 Қазан 2023, 18:12
607
Бөлісу:
Сенатта Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысы өтті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенатта Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар кездесу барысында төрағаны таңдады және алдағы жұмыс жоспарын талқыға салды, деп хабарлайды BAQ.KZ

Инклюзия жөніндегі кеңес Сенат жанынан құрылған болатын. Бұл туралы Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев осы жылдың қыркүйек айында өткен «Мүгедектігі бар адамдардың өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында айтқан болатын. Кеңес мүшелері мүгедек адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған ұсыныстар мен оларды іске асыру жолдарын әзірлеуі тиіс.

Отырыс барысында қатысушылар Кеңес төрағасы ретінде сенатор Ләззат Қалтаеваны таңдады. Депутат әріптестеріне алғысын білдіріп, Кеңес жұмысының негізгі бағыттарын атап өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мүгедектігі бар адамдардың проблемаларын шешу мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Бұл олардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін заңнамалық және институционалдық базаны жетілдіруге де қатысты. Парламент Сенатында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолдауымен осы сала бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүзеге асып отыр. Кеңес мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми және басқа да ұйымдардың ынтымақтастығына арналған алаң болып табылады, олардың мақсаты – мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау, олар үшін тең мүмкіндіктер жасау және өмірдің барлық салаларына қатысуға қол жеткізуді қамтамасыз ету, - деп атап өтті Ләззат Қалтаева.

Кездесуге сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ сарапшылар мен мүдделі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы