Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында сенаторлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекара бекеттерінен өткізу бекеттерінің қызметіне қатысты заңды қарап, мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырыс барысында сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» құжатты талқылады.
Аталған хаттама Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің қызметіне қатысты мәселелерді шешуге бағытталған. Осы заң арқылы халықаралық шарт деңгейінде бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу тәртібін, кезеңдері мен мерзімдерін, анықталған бұзушылықтарды жою тетігін және тексеруге қатысушылардың өзара іс-қимылының ұйымдастырушылық мәселелерін бекіту ұсынылады.