Сенатта бас бостандығынан айыру орындарындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

1 Ақпан 2022, 16:44
1334
Бөлісу:
Сенатта бас бостандығынан айыру орындарындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелердегі діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Уәкілетті органдардың мәліметінше, бүгінгі таңда қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстары үшін сотталған 600-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. 

Сенат комитетінің төрағасы Владимир Волков өз сөзінде экстремистік идеологияны тарату үшін бас бостандығынан айыру орындары аса қолайлы жер екенін атап өтті.

Қоғамнан оқшау қалған, сотталған әлеуметтік әлсіз жандар бүлдіргі және радикалды ағымдардың үндеуі мен ықпалына оңай түседі. Ұстау орындарының нашар жағдайы мен жұмыспен қамтылмауы экстремистік нанымдардың дендей енуіне түрткі болып табылады, - деді сенатор.

Сенаторлар отырыс барысында ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының діни экстремизм идеологиясына сотталғандардың иммунитетін қалыптастыруға, сондай-ақ радикалды көзқарасқа бағытталған идеологиялық, алдын алу-профилактика және тәрбиемен ықпал етудегі кешенді шаралар туралы баяндамасын тыңдады. 

Сенат депутаттары өз кезегінде инфрақұрылым проблемаларына, жетілдіру мен жаңғыртуды талап ететін инженерлік-техникалық күзет және тексеру құралдарының жай-күйіне назар аударды.

Олардың пікірінше, түзеу мекемелеріндегі мамандардың сотталған адамдармен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде жұмыс істеуге дайындығын жақсартуға, теологтармен, психологтармен және уәкілетті органдармен өзара іс-қимылға баса назар аудару керек.

Отырысқа қатысушылар, оның ішінде Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің, ІІМ жанындағы қылмыстық-атқару жүйесінің облыстық департаменттерінің өкілдері мен Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері бүлдіргі және радикалды діни идеологияны ұстанушыларға алдын алу және оңалту жұмыстарын ұйымдастыру мәселелерін, сондай-ақ түзеу мекемелерінде жазаны өтеуге тиісті жағдайлар жасау үшін қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша қорытынды дайындалып, Үкіметке жіберілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы