Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Дана Нұржігіт пен Динар Нөкетаева Алматыға жұмыс сапары барысында бала тәрбиесі, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кибербуллингті жою тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты.
Бұл туралы Сенаттың Баспасөз қызметі хабарлады.
«Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға ата-аналар, педагогтар, психологтар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, заңгерлер мен Алматы қаласының білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында бала тәрбиесі, қорлау мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұрудың түйткілді мәселелері көтерілді. Дөңгелек үстелге қатысушылар бұзақылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шараларды талқылады.
Сондай-ақ, сенаторлар бала құқықтарын қорғау, білім беру және ақпараттандыру туралы заң жобасының «кибербуллинг» түсінігін қарастыратын жаңа нормалары туралы айтты.