Сенаторлар Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қарайды

9 Қараша 2020, 13:37
1345
Бөлісу:
Сенаторлар Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қарайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата бюросының отырысында депутаттар алдағы жалпы отырыстың күн тәртібін талқылады деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. 

Сенаттың кезекті отырысы 12 қарашада өткізіледі. Онда Мәжіліс мақұлдаған «1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патент конвенциясына Өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралады. Сондай-ақ сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарайды. 

Сонымен қатар бюрода Мәжілістен келіп түскен «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне берілді. Одан бөлек, отырыс барысында сенаторлар өткен аптада ұйымдастырылған Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған Үкімет сағатының қорытындысына тоқталды. 

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев іс-шара кезінде өзекті мәселелер талқыланып, нақты ұсыныстар айтылғанын атап өтті және алдағы уақытта оларды оң шешу үшін Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігіне назар аударды.




Өзгелердің жаңалығы