ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай мен Геннадий Шиповских және қалалық мәслихат депутаттары Qazcontent ұжымымен кездесіп, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бибігүл Жексенбай Qazcontent Қазақстанның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының бірі екенін атап өтті.
Сенатор елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси, экономикалық реформаларға арнайы тоқталып, осындай тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге журналистер қауымы зор үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
Мемлекет басшысы "Аna tili" газетіне берген сұхбатында да еліміздегі соңғы жылдарда жасалып жатқан үлкен қадамдар туралы кеңінен айтты. Заңдарымыздың да саны мен сапасы өсіп келеді. Мақсат – елімізде құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Ол тек БАҚ-тың зор қолдауымен болары сөзсіз. Сапалы, прогрессивті ұлт қалыптастыру, халықтың бір мақсат, бір мүддеге жұмылуында журналистер рөлі зор. БАҚ -қоғам локомативі болуы керек, - деді сенатор Бибігүл Жексенбай.
Сенатор Бибігүл Жексенбай елімізде журналистердің қызметі мен мәртебесіне қатысты былтыр “Масс медиа” туралы заң қабылданғанын атап өтті.
Жаңа заңда журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, отандық масс-медианың әлеуетін арттыруға жол ашылып, бастысы ақпараттық дербестігімізді күшейтуге мүмкіндік берілгені сөзсіз, - деді Бибігүл Жексенбай.
Депутаттар елімізде қабылданған заңдар мен іске асып жатқан жұмыстар жайлы халыққа дұрыс әрі объективті жеткізу маңызды екенін айтты.
Кездесуде журналистер депутаттарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, журналист мәртебесіне қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Мысалы, El.kz ақпараттарың агенттігінің шеф-редакторы Бек Төлеуов спорт журналистері арнайы номинациялар жоқтығынан назардан тыс қалып жүргенін көтеріп, оларға “Үркер” сияқты сыйлықтарға үміткер болуына жағдай жасау керегін ұсынды. Ал Baq.kz бас редакторы Еркежан Айтқазы журналистер біліктілігін шетелдің беделді БАҚ-тарында арттыра алуы үшін ұзақмерзімді жобаларға грант беру мәселесін көтерді.
Өз кезегінде депутаттар салалық журналистиканы дамыту және журналистердің кәсіби деңгейін арттыру бағытында Qazcontent өкілдерінің ұсынысын қарастыратынын және төртінші билікпен бірігіп мемлекеттігімізді күшейтуге бірге жұмыс істеу маңызды екенін жеткізді.