Сенаторлар қандастарды көшіру мәселелерін талқылады

9 Қараша 2021, 13:42
1326
Бөлісу:
Сенаторлар қандастарды көшіру мәселелерін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Өңір» депутаттық тобының мүшелері, сенаторлар Ерік Сұлтанов, Алтынбек Нұхұлы және Динар Нөкетаева Ақмола облысындағы Аршалы ауданында болып, жұмыс күші артық өңірлердің азаматтарын жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру мәселесін қарау жөніндегі отырысқа дайындық аясында бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенаторлар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жүзеге асырып жатқан «Асар» пилоттық жобасымен танысты. Жоба еліміздің солтүстігіне оңтүстіктегі қандастардың қоныс аударуына жәрдемдесуге бағытталған. Жобаның бастамашылары біркелкі 1 282 коттедждің құрылысын дайындау үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы инвестициялады. Ал тиісті инфрақұрылымды, оның ішінде жолдар мен су құбырларын салу үшін республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінді.

Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Ерік Сұлтановтың айтуынша, Ақмола облысында іске асып жатқан жоба қоныс аударушылар ұдайы тап болатын бірқатар проблемаларды кешенді түрде шешуге арналған. Осыған байланысты оны бүкіл еліміз аумағына кеңінен қанат жаюының келешегі атап өтілді.

«Өңір» депутаттық тобы жұмыс күші көп өңірдің азаматтарын жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру жөніндегі бағдарламаның іске асу барысын қарастырып отыр. Көшу кезінде адамдар жиі қиындықтарға тап болатыны белгілі және біз осы ауылды үлгі ете отырып оларды шешу жолдарын қарайтын боламыз. Сенаторлар алдағы уақытта осындай жобаларды басқа өңірлерде де жүзеге асыру мүмкіндігін талқылау үшін өзге облыстардың әкімдерімен де кездесулер өткізуді жоспарлап отыр, - деп атап өтті Ерік Сұлтанов.

Қоныс аударушыларды жұмыспен қамту үшін ауыл маңында жылыжайлар, бордақылау және ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын сауда алаңдарын салу жоспарланып отыр. Бұл 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

 


Өзгелердің жаңалығы