Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда 2022 жылдың 3 ақпанында өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Бюро мүшелері алдағы Сенат отырысының күн тәртібіне депутат Бейбіт Исабаев ант беруі туралы мәселені қосуды ұсынды.
Сондай-ақ Палата отырысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Бұл құжат халықаралық шарттарды реттеу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді.
Одан бөлек, Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен «2014 жылғы 12 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы жұмыс үшін Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне берілді.