Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыс өткізіп, бизнесті жүргізу туралы заң ережелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында және мемлекеттік бақылау мен қадағалау сипаттарын ретке келтіруге, кәсіпкерлік қызметті жүргізу мен дамыту жағдайларын жақсартуға бағытталған.
Сенаторлар мемлекеттік орман қоры жерлерін басқа санаттағы мақсаттағы жерлерге, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салуға ауыстыру мүмкіндігін сақтауға байланысты, сауда қызметін реттеу саласында уәкілетті орган айқындайтын шекті сауда үстемесін қолдану тәртібін белгілеуді көздейтін ережелерді талқылады.
Құжатта сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру кезінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсету, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету тетігін жетілдіру, бірыңғай төлем бөлшектеріндегі үлесті қайта есептеу және басқа да мәселелер бойынша түзетулер көзделіп отыр.
Депутаттар кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша заңды Палатада екінші оқылымда қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.