Сенаторлар биржа саудасы және халықаралық экономикалық ынтымақтастық туралы заңдарды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржа саудасы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды. Құжат ережелері биржа саудасы саласындағы заңнаманы жетілдіруге және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Заңда инвесторлардың құқығын қорғау, тауар биржасына мемлекеттік бақылауды кеңейту және инвесторлар тізілімін жасақтау жөніндегі өзгерістер қамтылған.
Комитет депутаттары «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да талқылады. Бұл заң тауар номенклатурасының бір бөлігіне баждардың күшін жоюды және транзит жағдайын жақсартуды көздейді. Осы Келісімді ратификациялау Иранмен сауда және экономикалық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сонымен қатар «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді және Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралды. Бұл заң елдер арасындағы еркін саудаға жағдай жасау мен сауда кедергілерін жоюды көздейді.
Отырыс экономиканы нығайту және сыртқы сауда мен бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған заңнамалық бастаманы ілгерілетудегі маңызды қадам болды.