Сенаторлар Әлібек Нәутиев пен Сағындық Лұқпанов Атырау облысындағы Жылыой ауданының Құлсары қаласында су тасқынының салдарын жою жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутаттар жергілікті атқарушы органдардың зардап шеккен тұрғындардың мәселелерін шешу жөнінде жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабардар болды. Қазіргі уақытта халықтың 60 пайызға жуығы ақшалай өтемақы алды. 1367 тұрғынның жеке шотына тұрғын үй сатып алуға қаржы түскені туралы айтылды.
Депутаттар Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында болып, зардап шеккен халыққа арнап біркелкі жобамен салынып жатқан 100 тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Үйлердің құрылысына жергілікті 8 мердігер ұйым жұмылдырылды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, 61 үйдің іргетасын құю жұмысы аяқталды, 42 үйдің қабырғасы қалануда, 15 үйдің шатырын жабу жұмысы басталды.