Қазақстанда жол апаттарының саны екі есеге жуық артты. Бұл туралы сенатор Марат Қожаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне жүргізушілерді даярлау деңгейінің төмендігі себеп болып отыр.
Жол-көлік оқиғаларының 96 пайызы жол ережелерін сақтамау салдарынан орын алады. Өкінішке қарай, көптеген жүргізуші мектептерінің түлектері қажетті білім мен дағдыларды толық меңгермейді. Тіпті, кейбір азаматтар жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен иемденеді. Сонымен қатар, такси жүргізушілерінің қызметінде айтарлықтай кемшіліктер байқалады. Олар үзіліссіз жұмыс істейді, ал алдын ала медициналық тексеруден өтпеуі салдарынан ауыр зардаптарға әкелетін жол апаттары орын алады, – деді сенатор.
Жол апаттарының күрт өсуі алаңдаушылық тудырады
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 31 597 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 99 пайызға жоғары. Одан бөлек, жол апаттарында зардап шеккен балалар саны 133,7 пайызға артып, қаза тапқан балалардың саны 3,5 пайызға көбейген.
Балалардың қатысуымен болатын жол апаттарының көбеюі бізді ерекше алаңдатады. Егер жедел шаралар қабылданбаса, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін, – деп атап өтті Қожаев.
Жүргізушілерді даярлау жүйесі қайта қаралады
Сенатордың айтуынша, жүргізушілерді дайындау мен аттестаттау жүйесіне түбегейлі өзгеріс қажет.
Ол үшін:
• Жүргізуші мектептерінің қызметіне мемлекеттік бақылау енгізу;
• Емтихан тапсыру процесін қайта қарау;
• Жүргізуші куәлігін беру талаптарын қатаңдату ұсынылып отыр.
Автомектептердің оқу бағдарламасына жолдағы қауіпсіздік мәдениеті мен өзін-өзі ұстау этикасын үйрететін арнайы пәндерді енгізу қажет. Жүргізушілердің жол ережелерін мұқият меңгеруін қамтамасыз ету үшін оқу бағдарламаларын жаңарту маңызды, – деді сенатор.
Сонымен қатар, депутат айналып өтетін жолдардың құрылысын жеделдету, елді мекендерде жарық жүйесін жетілдіру және жаяу жүргіншілер өткелдерін көбейту қажетін айтады.
Жол апаттарының алдын алу үшін заманауи жол стандарттарын енгізу маңызды. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларын тіркейтін бірыңғай цифрлық жүйені әзірлеу қажет, – деді Қожаев.