Сенатор Жұмағазиев қой жүніне қатысты мәселені көтерді

10 Наурыз 2022, 12:32
1950
Бөлісу:
Сенатор Жұмағазиев қой жүніне қатысты мәселені көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Мұхтар Жұмағазиев еліміздің Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында қой жүніне қатысты мәселені айтты.

Отандық тоқыма жүн өнімдерін өндірушілер күрделі шикізат тапшылығын бастан кешіп отырғанда, жүн өндірушілер қарапайым және тиімді технологияларға, сондай-ақ өндірілген шикізатты қайта өңдейтін бизнесті қолдауға мұқтаж болып отыр. 

Қой өсірумен елімізде 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер айналысады, ал жүн өңдейтін зауыты небәрі 13. Сонымен бірге қолда бар деректер бойынша, сұраныстың жоқтығынан немесе шикізат болмағандықтан өткен жылы жүн өңдейтін 6 кәсіпорын жұмыс істеген жоқ, ал істеп тұрған 7 кәсіпорынның жүктелуі жалпы алғанда 30%-ды ғана құраған. Бұл ретте Қазақстанға тоқыма өнеркәсібінің 90%-ға дейінгі өнімі импортталады. Бұл ретте елімізде жүннің 29,7 мың тоннасы немесе 73,5%-ы өңделмей кәдеге жаратылады.

Отандық алып-сатарлар тек биязы қой жүнінің бір килограмын 100-150 теңгеден қабылдайды. Ал бір қойды қырқуға кететін шығын 300-500 теңгеге дейін.  Оның үстіне жүнді өткізу мәселесі де жолға қойылмағанына байланысты шаруалар өртеп жіберуге мәжбүр. Қойдың жүні - жоғары энергетикалық шығындарды талап етпейтін өзіндік құны төмен экологиялық шикізат. Құрылыс материалы ретінде тек ішкі нарықта ғана емес, шетелдерде де сұранысы бар өнімдердің бірі, - деп айтты сенатор. 

Сөзінше, оларды өндіруге отандық өндірушілер де қызығушылық танытып отыр.

Депутаттың айтуынша, қазір жүн өңдеу кәсіпорындарын аумақтық бөлу тәсілдерін қайта құру және жаңа технологиялық өндірістер құру маңызды. Сенатор осындай шаруаларға мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруді ұсынды. Елді индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі инвестициялық субсидиялар осы салаға жергілікті, сондай-ақ шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыруға мүмкіндік береді.

Сала мамандарының пікірінше, осындай жағдай жүн өңдеу мәселелері екі уәкілетті органға тиесілі болуынан туындап отыр. Мысалы, шикізат өндіру және тері мен жүнді бастапқы өңдеу мәселелері Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына жатады, ал терең өңдеу Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды. Нәтижесінде іске асырылатын инвестициялық преференциялар мен мемлекеттік қолдау шаралары бір-бірін жалғастырып, толықтырмайды, кейбір мәселелер бойынша белгілі бір қиындықтарды да туғызып отыр, - деп айтты сенатор. 

Депутат сондай-ақ жағдайды жақсарту үшін бірқатар ұсыныс айтты. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы министрлігіне қолданыстағы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау бағдарламаларына тері мен жүнді терең өңдеу жөніндегі жобаларды енгізу бойынша өкілеттіктер беру. Сондай-ақ ол осы саладағы жобаларды субсидиялау және қой шаруашылығы шаруашылықтары мен тұрғындардан жүн сатып алудың орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде тері мен жүнді қабылдау бойынша сервистік-дайындау пункттерін құру туралы мәселелерді қозғады.

Өзгелердің жаңалығы