Сенатор жасанды интеллекті білім беру процесіне енгізу туралы айтты

14 Ақпан 2024, 18:24
356
Бөлісу:
Сенатор жасанды интеллекті білім беру процесіне енгізу туралы айтты
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктерінің бірлескен алқасының жұмысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуге қатысушылар ұлттық білім беру процесіне жасанды интеллект тетіктерін енгізу арқылы қолданыстағы білім беру жүйесін реформалау мәселелерін талқылады.

Президент Үкіметтің жаңа құрамының кеңейтілген отырысында жаһандық трансформация аясында білім беру мәселесіне назар аударып, жасанды интеллектің даму дәуірінде жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Жасанды интеллект біздің өмірімізге тереңірек енген сайын оқу бағдарламасына мектептен тыс қалыптасатын қабілет-дағдыны дамыту шараларын енгізу қажеттігі де ұлғайып келеді. Технологияның үздіксіз дамуы мектеп бағдарламасын жаңғырту қажеттігін туғызуда, бірақ білім беру жүйесіндегі өзгерістер, әсіресе осындай ауқымда, көбінесе баяу жүреді. Осыған байланысты білім беру жүйесі алдағы өзгерістерді алдын ала болжап, жеткіншек ұрпақты дайындауы тиіс, - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор Мемлекет басшысының осы бағыттағы Үкімет алдына қойған барлық міндеттері бірінші кезекте және стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Президент белгілеген міндеттерді іске асыру үшін Үкімет тиісті тетіктерді әзірлеуі қажет. Парламент өз кезегінде Президенттің тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау үшін заңнамалық қолдау көрсетуге дайын.

Алқа отырысы барысында отандық білім және ғылым жүйесін дамытуға және салалық мекемелердің қызметіне қатысты бірқатар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды.

Өзгелердің жаңалығы