Сенатор ТЖ кезіндегі меморгандардың іс-әрекетіндегі сәйкессіздік туралы айтты

11 Сәуір 2024, 16:05
408
Бөлісу:
Сенатор ТЖ кезіндегі меморгандардың іс-әрекетіндегі сәйкессіздік туралы айтты
Фото: ТЖМ

Сенатор Булавкина әрбір мемлекеттік органның төтенше жағдай кезіндегі әрекеті үшін жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанның 10 өңірінде бұрын-соңды болмаған табиғи апат болды. Төтенше жағдай тәртібі енгізілді. Сенат депутаттары тасқын судан зардап шеккен өңірлердегі тұрғындарға қажетті қолдау көрсетіп жатыр. Ольга Булавкина өзінің Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында болашақта төтенше жағдай салдарын азайтуға көмектесетін бірқатар шараны ұсынды.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын судан зардап шеккен азаматтарға шұғыл түрде көмек көрсетуді тапсырды. Парламент Сенатының депутаттары Үкіметке және өңірлерге тасқын судың зардаптарымен күресте қажетті қолдау көрсетіп жатыр. Өңірлерде азаматтармен кездескен кезде тұрғындар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезде мемлекеттік органдардың іс-әрекетіндегі сәйкессіздік туралы айтты, - деді сенатор.

Ольга Булавкина төтенше жағдайлардың алдын алуға және уақтылы ден қоюға, адамдардың өмірін сақтап қалуға және залалды барынша азайтуға ықпал ететін тиісті хаттаманы әзірлей отырып, әрбір мемлекеттік органның төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеті үшін жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды. Сенатор сонымен қатар тасқын судың аграрлық секторға кері әсерін атап өтті.

Ондаған шақырым құнарлы жер су астында қалды. Тасқын судың ауыл шаруашылығына келтірген залалы әлі бағаланбады. Ауыл шаруашылығы алқаптары мен мал шаруашылығына ауқымды залал келді, өсімдік шаруашылығы үшін елеулі зардаптар елдің азық-түлік қауіпсіздігінің нашарлауына, ал жайылым жерлерінің батпақтануы жем-шөп базасының жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Бұл кейіннен мал басына әсер етеді. Тасқын судан кейін топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, тасқын судың өсімдік шаруашылығына зиянды әсерін азайту бойынша ғылыми зерттеулерге негізделген кешенді бағдарлама әзірлеуге көмектесетін шұғыл шаралар қабылдау қажет, - деп атап өтті Ольга Булавкина.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысынан ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктеріне, барлық деңгейдегі әкімдерге жедел әрекет етуді және ел азаматтарына уақтылы кешенді көмек көрсетуді тапсыруды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы