Үкімет сағатында сенатор Серік Шайдаров тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарын айқындауды қайта қарау қажеттігін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жақында ғана «толық емес отбасыларды» жылдық 2%-дан кредиттеудің жеңілдікті мөлшерлемесі бойынша тұрғын үй алу мүмкіндігін көздейтін «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығаруға қатысты қоғамдық резонанс туындады. Өйткені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің пікірінше, мемлекеттен қолдау алу мақсатында 2019-2020 жылдары жалған ажырасулар саны екі есе ұлғайған, - деді Шайдаров.
Дегенмен 148 мыңнан астам толық емес отбасы баспанаға мұқтаж екенін айтты. Оның 60%-ы – бір күнкөріс деңгейінен төмен табысы барлар. Сенатордың айтуынша, мұндай отбасылардың көпшілігі үшін жылдық 5% несиелік тұрғын үй алу өте ауыр.
Сондықтан, уәкілетті мемлекеттік органдар осы мәселені жан-жақты зерделеп, нақты мұқтаж толық емес отбасылар үшін жылдық 2%-бен несиелік тұрғын үй алу тетігін, соның ішінде халықтың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларға өзгерістер енгізуді айқындауы қажет деп санаймын, - деді ол.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты сондай-ақ 2015 жылы барлық ардагерлер баспана алды деп хабарланғанымен тұрғын үй алу кезегінде Ұлы Отан соғысының 88 ардагері тұрғанын айтты.
Көптеген ардагер жүз жылдық кезеңге жақындады. Жедел шаралар қабылдамай, олардың көпшілігі үшін баспана алу орындалмас арман болып қала береді, - деді ол.