Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Сұлтан Дүйсембинов елдің Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында қоғамға қауіп төндіретін мәселелерге жол беруге болмайтынын айтты.
Оның айтуынша, солардың бірі – соңғы жылдары БАҚ беттерінде діни экстремизм мен терроризм тақырыбы.
Сонымен қатар ол бейбіт шерумен басталған қаңтар оқиғасын діни радикалдар, экстремистік ағымдар, қылмыстық топтар пайдаланып, ел тыныштығын бұзған үлкен қақтығысқа ұласқанын алға тартты.
Осындай қысылтаяң шақта, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, уақтылы әрі батыл стратегиялық шешім қабылдауы арқасында еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігі сақталып қалды. Дін атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты мен әлеуметтік тұрмысы төмен жастарымызды өз қармақтарына түсіру мақсатында, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі діні мен салт-дәстүріне күдік келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратумен айналысқаны белгілі болып отыр, - деп атап өтті депутат.
Сенатор сондай-ақ 11 қаңтарда ел парламентінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті діни экстремизмге қарсы күрес жөніндегі жүйелі шаралар кешенін іске асыру қажеттігіне назар аударды.
Орталықтан басқару және үйлестіру арқылы тиісті әдістемелік, ақпараттық, қаржылық қолдау көрсете отырып, өңірлердегі ақпараттық насихат топтарының қызметін жетілдіру және күшейтуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ діни ахуалды терең зерделеп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарлама дайындау маңызды деп санаймыз, - деді сенатор.