Сенатор: «Орталық» пен өңірлер арасында байланыс жоқ

17 Ақпан 2023, 17:09
1398
Бөлісу:
Сенатор: «Орталық» пен өңірлер арасында байланыс жоқ

Бұл туралы депутат Серік Шайдаров бүгін Сенатта өтіп жатқан Парламенттік тыңдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, бизнесті дамытудың негізгі әлеуеті ірі қалаларда шоғырланғанын мойындау керек. Ал ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың осы бағытта даму әлеуеті өте шектеулі.

Мәселен, бүгінде Астана және Алматы қалалары еліміздің осы секторында жұмыспен қамтылғандардың үштен бір бөлігін, сондай-ақ шағын орта кәсіпкерлік өнімінің жалпы көлемінің жартысын құрайды. Жалпы, қазіргі уақытта қалаларда 86% микро, 85% шағын және 90% орта кәсіпорындар орналасқан. Сондықтан жеңілдетілген кредиттік ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, ауылдық жерлерде, шағын және моноқалаларда бизнес-бастамаларды дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру маңызды, - деп атап өтті сенатор. 

Сонымен қатар еліміздің өнеркәсіптік өнімдерінің шамамен 40% өндіретін моноқалалардың экономикасын әртараптандыру қажеттілігіне Мемлекет басшысы назар аударғанын мысалға келтірді.

Моноқалаларда тау-кен, мұнай-газ, металлургия, химия салаларының ірі кәсіпорындарының басым бөлігі шоғырланғанын ескере отырып, олардың моноқалалардың тағдыры үшін жауапкершілігін арттыру қажет. Осы кәсіпорындар үшін елішілік құндылық пен экспортқа бағдарлануды ескере отырып, шығарылатын қосылған құны жоғары өнім ассортиментін кеңейту бойынша орта мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарларды әзірлеу жөніндегі міндеттемелер мен тетіктерді енгізу қажет деп санаймыз. Өңірдің бәсекеге қабілеттілігі оның әлеуетін пайдалану дәрежесі мен тиімділігімен анықталады. «Орталық» пен өңірлер арасында тиісті байланыстың жоқтығының дәлелі фактіден кейінгі немесе «ушыққан жағдайды реттеу» тәртібінде көптеген мәселелерді шешудің қалыптасқан тәжірибесіне айналған, - деді Серік Шайдаров. 

Сонымен қатар депутат Үкімет көбінесе Мемлекет басшысының сынынан немесе қоғамдық резонанстан кейін ғана өңірдегі мәселелерге назар аударады деп отыр. 

Басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді теңгерімді бөлу жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті жерлерде проблемаларды шешу үшін жеткілікті өкілеттіктерге ие болуға тиіс. Ал өңіраралық мәселелер орталық деңгейде шешілуі тиіс. Проблемалардың ауқымдылығы мен тереңдігі өңірлердің одан әрі тиімді дамуын қамтамасыз етуге қауіп төндіретінін түсіну қажет. Сондықтан өңірлік саясатты жетілдіру бойынша жедел және ұтымды шаралар қабылдау маңызды, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы