Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы елдегі экономикалық ақуалға қатысты өз ойын білдірді. Бұл туралы сенатор өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Кеше президентіміздің Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзін мұқият тыңдадым. Шынында обьективтік, көбінесе субьективтік себептерге байланысты елдегі қалыптасқан жағдай өте күрделі. Әсіресе азық-түлік, жанар-жағар май, құрылыс материалдарының бағалары негізсіз өсуі ешқандай ақылға сыймайды. Ортадағы делдарлардың жүгенсіз кетуін нарық солай ғой ешкім жауап бермейді - деп жазды ол.
Сонымен қатар депутат сайлаушылардың да ренішін жеткізді.
Сайлаушыларымыз бізден, "ешнәрсеге жауап бермейтін Үкімет пен Парламент не үшін керек, неге бұлай болып жатыр, себептерін неге түсіндірмейді, министрлер елді, әсіресе қиналып жатқан өңірлердегі ауылдарды өз көздерімен көріп нақты іс-шара неге жасамайды?" деп сұрайды. Өте орынды реніш, құлақпен естімей-ақ көзбен көріп жүрміз, халықтың көп бөлігі кедейленеу үдерісіне ұшырауда. Тапқан нәпақысы тамағына жетпейді - деп налиды сенатор.
Ол мұндайда не істеу керегін де айтып өтті.
Не істеу керек? Жекелеген министрлер мен әкімдерді орнынан алғаннан мәселе шешіле ме? Меніңше жүйелі түрде Үкімет пен жергілікті әкімдердің үйлесімді жұмыстары керек. Бұл туралы кеше Президент Үкіметке жүйелі түрде тез арада қолға алатын негізгі мәселелерді нақтылап берді. Қаржы бар, мемлекеттік мүдде тұрғысында ынта, жігер іскерлік керек. Президент тапсырмалары орындалмай жатса күзде жаңа Үкімет жасақталуы сөзсіз - деді Мұрат Бақтиярұлы.