Депутат қазақстандық оқушыларға шамадан тыс көп оқу міндеттелгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мектептерде тым көп пән оқытылады, ал оқулықтар оқушыға түсінуге қиын ғылыми тілде жазылады. Алтынбек Нухұлы өзінің депутаттық сауалында мектеп бағдарламасы көлемінің шамадан тыс болуы мен орта білім беру сапасының проблемасын көтерді.
Сенатордың айтуынша, білім сапасы жағынан алға кеткен Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада сияқты елдерде 7-8 сыныпта нақты ғылымға қатысты 4-6 пән оқиды, ал Қазақстанда 15 пән, ал 9 сыныпта тіпті 16 пән оқытылады. Ал бізде міндетті оқу пәндерінің саны 2,5 есе көп. Сонымен қатар, химия, биология және география сияқты оқу пәндері шетелдің мектебінде бір «Ғылым» пәніне біріктіріліп, өте аз уақыт оқытылады. Осыған қарамастан, соңғы 15 жылдағы халықаралық PISA зерттеуінің қорытындысы бойынша осы елдердегі оқушылардың жаратылыстану ғылымы бойынша сауаттылығы жоғары болып отыр. Бұл пәндер санынан оқыту сапасы маңызды екенін көрсетеді.
Қазақстанда мектеп оқушыларына тақырып бойынша шамадан тыс көлемді ақпарат беріледі және оқулықтардың тілі ауыр әрі ғылыми сипатта беріледі. Ал озық елдің тағы бірі Ұлыбританияда – керісінше, ақпарат көлемді емес, тақырыптар тәжірибеге бағытталып, күнделікті өмірдің жағдаяттарымен байланыстырылып оқытылады. Басқаша айтқанда, оқушының алдағы өмірінде прагматикалық тұрғыдан қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді, яғни оқушылардың құзіреттілігін қалыптастыратын нәтижеге бағдарланған білім беріледі. Орта білім беру саласында сапалы білім беру үшін, оқушыларға заман талабына сай білім беру мазмұнын жасау керек. Орта білім беру сапасын көтерудің Концепциясына сәйкесінше өзгерістер енгізілуі керек деп есептейміз, - деді Алтынбек Нухұлы.