Әлібек Нәутиев Атырау облысындағы бірнеше жобаның сметалық құнның өсуіне байланысты құрылыстың аяқталмау қаупі туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2021-2024 жылдар аралығында Атырау облысы бойынша бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері бастапқы құны 266,5 млрд теңге болатын 148 инвестициялық жоба түзетуге енгізілген. Ал бұл жобалардың сметалық құны 409,2 млрд теңгеге дейін өсіп отыр. Айырмашылық 142,6 миллиардтан асады. Бұл айырмашылықты аймақтың жергілікті бюджет есебінен жабу керек болып отыр.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жоба құнының алғашқы бекітілген құнынан 2 немесе одан да көп есе өскен жағдайлар кездесуде. Бюджет кодексінің 46-бабына сәйкес жоғары тұрған бюджеттен нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялардың сметалық құнын ұлғайтуға байланысты шығыстар тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны көзделген. Бұндай жағдайда жергілікті бюджетке орасан зор жүктеме түсетіні белгілі, - деді ол.
Сенатор Үкімет басшысына жергілікті бюджеттің шектеулі екенін ескере отырып, республикалық бюджеттен түзетулердің ұлғайтылған сомаларын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ол жобалардың сметалық құнының ұлғаю мәселесі тек Атырау облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де шешілмей отырғанын атап өтті. Ол жаңа Бюджет кодексінің жобасына осы мәселені шешуге бағытталған ережелерді енгізуді ұсынды. Егер жобалар республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен қаржыландырылатын болса, жергілікті бюджеттен жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге арналған шығыстарды қаржыландыру туралы бапты Бюджет кодексінен алып тастау керек.