Бұл туралы депутат Бауыржан Қаниев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бүгінгі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрам паркінде 2 228 вагон бар, олардың 35%-ының пайдалануға берілгеніне 28 жылдан асып кеткен. Тальго вагондарын есептемегенде жолаушылар вагондары орташа есеппен 63%-ға, ал локомотивтер 67%-ға тозған.
Теміржол тасымалының әлеуметтік-экономикалық маңызы мен транзиттік әлеуетін ескере келгенде «Қазақстан темір жолы» АҚ түбегейлі реформаларды қажет етеді. Осы мәселелерді шешуді, ең алдымен, саланың тәжірибелі мамандарын басшылық лауазымдарға тағайындаудан бастаған жөн деп санаймыз. Елімізде мемлекеттік активтерді жекешелендіру салдарынан болған жағымсыз жағдайларды ескере отырып, жекешелендірілген тұйықтарды, багаж бөлімшелерін «Қазақстан темір жолы» АҚ меншігіне қайтару қажет, - деді депутат Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Сенатор ішкі жүк тасымалының қымбаттығы мәселесін де көтерді. Ол тауарлардың түпкі құнын арттыруға ықпал етеді деп отыр. Мәселенің мәні мынада: «ҚТЖ» АҚ меншігінде барлығы 170 тиеу-түсіру тұйықтары бар, ал олардың жеке меншіктегі саны 3 600-ден асады. Ол жердегі тарифтердің бақылаусыздығы мен алыпсатарлық әрекеттер теміржол жүктері бағасының айтарлықтай қымбаттауына әкеледі.