Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Ішкі істер министрлігінің басшылығымен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда жергілікті полиция қызметінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оның ішінде құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері де талқыланды.
Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров өз сөзінде Парламент пен Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа заңнамалық бастамаларды әзірлеу мен қабылдаудың маңызына назар аударды.
Бұл кездесу біздің бірлескен жұмысымыздың заңды жалғасы болып табылады. Біздің қызметіміздің тиімділігі ішкі істер органдарының, алдын алу қызметі мен қоғамның барлық субъектілерінің ынтымақтастығына байланысты. Қазіргі уақытта Сенатта «Жол қозғалысы туралы» заң қаралуда. Сондай-ақ қылмыстың алдын алу саласында да бірыңғай құжат әзірленуде. Біздің мақсатымыз – азаматтар құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз ету және құқықтық тәртіп органдарына қоғам сенімін нығайту, - деді сенатор Нұрлан Бекназаров.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов саланың ағымдағы жұмысы туралы баяндады. Ол 2024 жылдың алғашқы төрт айында тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар 8%-ға төмендегенін, оның ішінде ұрлық 33%-ға азайғанын хабарлады. Сондай-ақ, барлық қылмыстардың 18%-ы болатын интернет және телефон алаяқтықтарымен күреске ерекше назар аударылып отыр. 2022 жылдың қараша айынан бастап 46,5 миллион алаяқтық қоңыраулар бұғатталды.
Сенаторлар сонымен қатар жедел-криминалистика департаментінде болып, қылмыстарды тергеудің озық технологиясы мен әдістерімен танысты. Парламентшілерге жеке тұлғаны бет-әлпеті бойынша анықтау, қылмысты анықтауға жарық көзін пайдалану, сондай-ақ молекулалық-геномдық зерттеулерге арналған «ДНҚ» зертханасы сияқты түрлі жүйелер ұсынылды.