Сенатор: Биыл 500 мың тоннадан астам дизель отыны жетіспеуі мүмкін

12 Қаңтар 2023, 11:51
1303
Бөлісу:
Сенатор: Биыл 500 мың тоннадан астам дизель отыны жетіспеуі мүмкін

Бұл туралы депутат Бақытжан Баяхметов Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, қазақстандықтар кейінгі жылдары дизель отынының тапшылығы проблемасымен бірнеше рет бетпе-бет келіп отыр. Жанар-жағармай тек талон мен карта бойынша немесе тіпті шектеулі көлемде ғана сатылған кездері болды. 

Сонымен қатар сенатор еліміздегі ірі үш мұнай өңдеу зауытында өндіріс проблемасына байланысты жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы басталады деп отыр. Бұған көрші елдердегі отын бағасы да себеп болатынын, өйткені онда біздікінен екі есе қымбат екенін, тиісінше транзиттік көліктердің ыңғайына қарай жұмыс істейтінін жеткізді.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығының нормасы енгізілетінін еске салды. Оған біздің елден басқа Ресей мен Қырғызстан кіреді, оларда отын бағасы жоғары. Бақытжан Байахметов осыған байланысты еліміз Премьер-министрінің атына бірқатар өзекті мәселелерді айтты.

Үш ірі мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатында барынша жұмыс істеуін ескере отырып, Үкімет мұнай өнімдері өндірісінің өсуін ынталандыру үшін қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр? Қазақстан мен оның көршілері арасындағы дизель отын бағасының жалғасып келе жатқан теңсіздігіне қатысты Үкіметтің көзқарасы қандай? Үнемі болып тұратын мұнай өнімдері мен дизель отынының тапшылығы мәселесін шешу үшін Үкіметтің орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді жоспары бар ма? - деді Баяхметов депутаттық сауалында.

Өзгелердің жаңалығы