Көрші елдерде жүйрік пойыздар жүйткіп, темір жолға инвестиция салып, туризмді дамытып жатқанда, Қазақстанда әлі күнге дейін бір өңірден екінші өңірге жолаушыларды тасымалдау жолға қойылмай келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Арман Өтеғұлов өзінің депутаттық сауалында теміржол саласының проблемасы туралы айтып берді.
Сенатордың айтуынша, саланың негізгі проблемасы – инфрақұрылымның кенже қалуы, вагондардың тозуы мен жетіспеуі, процестерді автоматтандыру деңгейінің төмендігі. Сондай-ақ билеттердің қымбаттығына қарамастан, жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке компаниялардың тиімсіз жұмысына байланысты қызмет көрсету деңгейі де мүлде төмен.
Қазір Орал-Астана бағытындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын «Сарыарқа» ЖШС республикалық бюджеттен қарқынды субсидия алып отырса да өз міндеттерін толыққанды орындамай отыр. Әсіресе, жазғы маусымда билеттерді алу мүмкіндігі қиындап, жолаушылар тарапынан жиі наразылық тууда. Оған жауапты компания қосымша вагондарды қосуға және жаңа вагондар сатып алуға қауқарсыз және шығындалғысы келмейді. Нәтижесінде қарапайым халық әуе билеттерін алуға қаржаты жетпесе, темір жол билеттері мүлдем болмайды. Мысалы, қазір Орал-Астана, Алматы бағыттарына билет іздесеңіз, 1 айдан аса күндерге билет сатылымы таусылған. Сонымен қатар, бірер жыл бұрын іске қосылған Тальго поезы да, компанияға пайдасынан шығыны көп деген себеппен, мүлдем алынып тасталды,-деді Арман Өтеғұлов.
Сенатор сонымен қатар, билеттерді сатып алудағы қиындықтар адамдарды Астана мен Ақтөбе қалаларына бару үшін жеке таксиді пайдалануға мәжбүрлеп, жол апаты қаупін арттырып отырғанын атап өтті.
Көрші елдер темір жолдарға инвестициялық жобаларды тартып, туризмді дамытып, жоғары жылдамдықты поездарды іске қосып жатқанда, біз тиісті деңгейде бір өңірден екінші елді мекенге сапалы қызметті көрсете алмай отырмыз. «Сарыарқа» ЖШС-гі жолаушылар тасымалы компаниясын жеке тұлғадан мемлекеттің меншікке қайтаруды қарастыру керек. Орал бағытына да жаңа вагондарды бөлуге тапсырма беру керек. Поездар кешіккен жағдайда, өтемақы қайтару процессін автоматтандыру және оның мөлшерін көбейтуді қарастыру, ол өз кезегінде жауапкершілікті күшейтіп, себепсіз кешігудің алдын алған болар еді, - деді Арман Өтеғұлов.
ҚТЖ-да мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған онлайн билет сату қызметі пайда болды
Жолаушыларға сервистік қызмет көрсетудің сапасын жақсарту үшін "Жолаушылар тасымалы" АҚ 2020 жылдың 26 маусымынан бастап, барлық топтағы мүгедек адамдарға әлеуметтік маңызы бар пойыздардың билетін сату үшін BILET.RAILWAYS.KZ сайтында жеңілдікпен сатылатын билеттерді онлайн рәсімдеу қызметін іске қосты.
Барлық топтағы мүгедек адамдарға, сондай-ақ, мүгедек балалар үшін әлеуметтік маңызы бар бағыттардағы билеттер 50% жеңілдікпен сатылады.
Жеңілдікпен сатылатын билеттерді рәсімдеу үшін жолаушы тіркеуден өтіп, "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның билет кассаларында билетін белсенді ету үшін "Мейірім" атты электронды дисконт-картаны алуы керек.
Клиенттер базасында тіркеуден өткеннен кейін, жолаушы үйінен шықпай-ақ, билетті онлайн түрде сатып ала алады.
Естеріңізге сала кетейік, пойызға отырар кезде және жол жүрген кезде жолаушының жеке тұлғасы мен мүгедектігін анықтайтын құжаттары түпнұсқада болуы шарт.
"Мейірім" электронды дисконт-картасы туралы не білу керек
Электронды картаны қайдан алуға болады?
"Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның билет кассаларында.
Электронды картаны қалай алуға болады?
Картаны алу үшін жолаушы жеке тұлғасы мен мүгедектігін растайтын құжаттарының түпнұсқасын ұсына отырып, өзі туралы мәліметтерді және байланыс мәліметтерін өңдеу үшін жазбаша келісім беруі керек. Кассир сіздің мәліметтеріңізді клиенттер базасына енгізіп, сізге электронды карта рәсімдейді.
Электронды картаны қашан пайдалануға болады?
Билет кассасында тіркеуден өткен сәттен бастап, бірден пайдалануға болады. Жеңілдікпен сатылатын билеттерді bilet.railways.kz сайтында рәсімдеуге болады.
Картаның жұмыс істеу мерзімі қандай?
Электронды карта оны іске қосқан күнен бастап бір жылға жарамды. Оның уақытын созарда, жолаушыдан қайтадан өтінім алудың қажеті жоқ.
Электронды картаның көмегімен басқа адамға теміржол билетін рәсімдеуге бола ма?
Жоқ. Билеттің бұндай функциясы жоқ, өйткені, билет жолаушы тіркеген мәліметтер негізінде рәсімделеді.
Билетті тек картаның иесі пайдалану керек және тек өз атына ғана билет сатып ала алады?
Басқа сайттарда және басқа кассаларда осы электронды картаны пайдаланып, билет сатып алуға бола ма?
Дәл қазіргі кезеңде электронды картаны тек BILET.RAILWAYS.KZ сайтында ғана пайдалануға болады.
Электронды карта кімдер үшін жарамды?
Электронды карта Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар азаматтарына және мүгедек балаларына беріледі.
Электронды карта Қазақстаннан тыс аумақта жарамды ма?
Электронды карта тек Қазақстанның шекарасындағы әлеуметтік маңызды бағыттарда жүретін пойыздарға жеңілдікпен билет алуға мүмкіндік береді.
Электронды картаны неше теңгеге рәсімдеуге болады?
"Дисконтты карталарды нөл теңгемен рәсімдеу" туралы техникалық міндеттерді жүзеге асырғанға дейін картаның құны - 1 теңге болады.
Карта бұғатталса немесе жарамсыз болып қалса,не істеу керек?
Бұндай жағдайда, билетті бұғаттан шешу үшін қайтадан "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның билет кассаларына бару керек.
Мүгедектіктің тобы шешілгенде, электронды картаны қолдана беруге бола ма?
Электронды карта клиентке барлық қажетті құжаттарды көрсеткен соң ғана беріледі. Жолаушы ұсынған мәліметтердің барлығы оларды сәйкестендіру үшін уәкілетті органдарға жіберіледі. Егер жолаушы ұсынған мәліметтер расталмаса, жолаушының тіркеу туралы өтініші бұғатталады.