Сенатор: Алдын алмасақ бүгінгі былық ертең тағы қайталанады

11 Наурыз 2020, 22:36
3807
Бөлісу:
Сенатор: Алдын алмасақ бүгінгі былық ертең тағы қайталанады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нариман Төреғалиев Атыраудағы қалалық мектептерде орын алған тәрбиешілер мен санитарлардың балаларды ұрып-соғу фактісі бойынша алаңдатушылық білдірді.

Өткен жылы орын алған жағдайдан кейін Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның тапсырмасымен Атырау қаласына бардым. Оқиға Атырау қалалық №3 тілінде мүкісі бар балалар мен көру және есту қабілеті нашар балаларға арналған интернатта орын алған. Мен барған уақытта мекеме басшысы қызметінен босатылып, оның орнына уақытша міндетін атқарушы болды. Мекеме басшысымен сөйлесе келе 2019 жылдың қаңтар-ақпан айында мектеп-интернаттың тәрбиешілері мен санитарлары тарапынан мүгедек балаларды ұрып-соғу фактілері анықталды. Болған жайт мекемедегі бейнебақылау камераларына жазылған. Сол видео дәлелдер негізінде мектеп-интернаттың 5 қызметкеріне алдын ала тергеу амалдары жүргізілді. Сонымен қатар, осы іс бойынша облыстық әкімдіктің жанынан арнайы комиссия да құрылған болатын. Күні кеше БАҚ арқылы белгілі болғандай мүгедек балаларға қол көтерген тәрбиешілер мен санитарлар жауапкершіліктен босатылған. Олардың жазадан құтылуы бізді таңдандырып отыр. Бұл мәселе Парламент Сенатының басты назарында болған, оның үстіне Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның осы істің мән-жайын анықтау туралы тікелей тапсырмасы болды, - деді сенатор Н.Төреғалиев.

Оның айтуынша, Бас прокуратура мен құзырлы құқық қорғау орындары осы оқиғаны өз назарларына алып, мәселе қараусыз қалмауы тиіс.

Мерзімі өтіп кетті деп кінәлілердің жазадан құтылып кетуі құптарлық іс емес. Бұндай былықтың алдын бүгін алмасақ ертең екінші тағы бір жерде қайталанады, оның арты қоғамның наразылығына алып келеді. Біз мүгедек жандарға қолдау көрсетіп, қоғамның белсенді мүшесі болуына оң әсер етудің орнына, керісінше осылай жәбірлеу, әрине дұрыс емес, - деді ол.

Сондай-ақ, Сенат депутаты Атыраудағы аталған мәселе бойынша арнайы депутаттық сауал жолдайтынын мәлім етті.

Соттың шешімі, ол құқық қорғау органдарының құзыретіндегі мәселе. Себебі фактілер дәлелденбей отыр, соған байланысты кінәлілер жазадан құтылып кетуде. Осы орайда біз өз құқығымызды пайдаланып депутаттық сауал жолдап, мән-жайды анықтайтын боламыз, - деді Н.Төреғалиев.

Бұл оқиға өткен жылдың наурыз айында орын алған болатын. Ал кеше Атырау облыстық полиция департаменті мерзімінің өтіп кетуі мен дәлелдердің жетіспеушілігіне байланысты істі тоқтатты. 
Өзгелердің жаңалығы