Сенат Жер туралы заңды Мәжіліске жіберді

29 Сәуір 2021, 12:46
2533
Бөлісу:
Сенат Жер туралы заңды Мәжіліске жіберді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенат депутаттары Президенттің Жер туралы заңын қарады. Бұған дейін Сенат қабырғасында осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының 2 отырысы және Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің 1 кеңейтілген отырысы, сондай-ақ Сенат бюросының отырысы өткен болатын. Бұл туралы Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин өзінің Telegram каналында жазды.

Жалпы, құжатты Сенат депутаттары қолдады. Бұл ретте талқылау барысында сенаторлар қаралып отырған заң жобасына кейбір өзгерістер енгізуді ұсынды. Осыған байланысты Сенат заң жобасына енгізілген түзетулерімен Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылдады. Жер туралы президенттік заң жобасын мұқият және белсенді талқылау барлық тараптың жоғары мүдделілігін және осы мәселелердің қоғамдағы басымдығын тағы бір рет көрсетеді, - деп жазды ол.

Ерлан Қариннің айтуынша, Президенттің Жер туралы заңы шетелдік азаматтар мен шетелдік капитал қатысатын компанияларға ауылшаруашылық жерлерін сатуға және жалға беруге тыйым салуды қарастырады.

Сондай-ақ онда шетелдік тұлғалардың ауыл шаруашылығы жерлерін иеленуінің қандай да бір мүмкіндіктерін болдырмайтын басқа да нормалар көзделген. Мысалы, Қазақстан Республикасында тіркелген компания қатысушыларының құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға кірген жағдайда, жеке меншік құқығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығы иеліктен шығарылуға жатады, - деді ол.

Президент көмекшісі Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде адамдар үшін де осындай қағидалар көзделетінін жазды. Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы жер учаскесі азаматтық тоқтатылған кезден бастап үш ай ішінде мемлекетке қайтарылуға тиіс.


Өзгелердің жаңалығы