Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәулен Әшімбаев бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Парламент депутаттары жаңадан құрылған облыс әкімдері лауазымына сайланғаны туралы өзінің Фейсбук парақшасында құттықтап жазды.
Әріптестерім Бейбіт Исабаев Жетісу облысының, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімдері болып тағайындалды. Сондай-ақ тағы бір әріптесіміз Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалғаны белгілі. Әріптестерімізді жаңа қызметтерімен шын жүректен құттықтаймыз,- деп жазады Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Бейбіт Өксікбайұлы ұзақ жылдар бойы елдік мүдде жолында еселі еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мемлекет қайраткері. Бірқатар елде Қазақстанның Елшісі бола жүріп, отандық дипломатияның өрісін кеңейтуге үлкен үлес қосты,- деді ол.
Сондай- ақ ол Сенатор ретінде де белсенді жұмыс істегенін, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналған тың бастамаларын ерекше атап өтті.
Берік Әбдіғалиұлы да ұлт тарихы мен руханиятын ұлықтауға зор еңбек сіңіріп жүрген тұлға. Осы бағытта маңызды жобаларды табысты жүзеге асырып, ұлттық санамызды жаңғырту ісінде табандылық танытты. Соңғы жылдарда Мәжіліс депутаты ретінде отандық парламентаризмді дамытуға да өз үлесін қосты, - деді Мәулен Әшімбаев.
Конституциялық реформаның нәтижесінде облыс әкімдерін тағайындау тәртібі өзгергені белгілі.
Бейбіт Исабаев пен Берік Әбдіғалиұлы Ата Заңға енгізілген жаңа қағидалар бойынша тағайындалған алғашқы әкімдердің бірі. Қазіргі таңда халқымыз осындай өзгерістерге зор сенім артып, Жаңа Қазақстан құру жолындағы бастамалардан үлкен үміт күтіп отыр, - деді ол.
Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылуы да елімізде жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің бір нәтижесі екені анық.
Жаңа министрлікке басшы болған Саясат Нұрбек Мәжіліс депутаттығына дейін де қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты үнемі өз пікірін білдіріп жүрген отаншыл азамат,- деді Сенат төрағасы.
Ол әріптестерін құттықтай отырып, жаңа қызметте ел мен Президенттің үмітін абыроймен ақтайды деген сенемімен және соған тілектес екенін білдірді.