Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, елдегі ЖЭО-ларға қосымша тексеріс жүргізу қажет.
Ондай тексерістер қажет. Үкімет осындай жайттар мен төтенше жағдайлардың өзге елдімекендерде орын алмауы үшін мәселемен айналысып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды сәйкес мемлекеттік органдар мен Үкімет қолға алды, - деді Мәулен Әшімбаев сот жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланған дөңгелек үстелден соң Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол Сенат Үкіметтің алдына сәйкес мәселелерді қоятынын айтты.
Біз Парламент тарапынан осы мәселелерді көтеретін боламыз. Қазір жағдайдың түзелгенін және жылу электр станциясының іске қосып, екібастұздықтарға жылу берілгенін күтіп отырмыз. Өз тарапымыздан Үкімет сәйкес сұрақтарды қоямыз. Бірақ бүгінде Үкімет еліміздің өзге өңірлерінде мұндай сипаттағы төтенше жағдай орын алмауына жол бермес үшін шаралар қабылдап жатыр, - деді Сенат спикері.
Еске сала кетейік, 27 қараша күні Екібастұзда бірнеше қазандық агрегаттары істен шықты. Бүгін Мәулен Әшімбаев қалыпты жұмыс істемейтін ЖЭО-ларды мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қарастырылатынын айтқан болатын.