Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізуге ОСК-ға республикалық бюджеттен 254,5 млн теңге бөлінді. Бұл туралы ОСК-да өткен онлайн брифинг барысында ҚР ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина айтты.
ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізуге ОСК-ға республикалық бюджеттен 254,5 млн теңге бөлінді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыруға, кандидаттардың іссапары мен көлік шығындарына, сайлау компанияның қызметін ұйымдастыруға қажетті баспа қызметтері, сондай-ақ сайлау учаскелерін жобалауға, БАҚ-та ақпарат жариялау шығындарына жұмсалатын болады, - деді Сәбила Мұстафина.
Бұл ретте республикалық бюджеттен бөлінген қаржыландыру жергілікті атқарушы органдардың шоттары арқылы жүзеге асырылады, онда арнайы шоттар ашылады.
ОСК-ның әр аймаққа бөлетін қаржысы, ондағы кандидаттар санына байланысты болады. ОСК Сенат депутаттығына кандидаттың шығындарын қаржыландыруды кейін бөлек тәртіппен тағы анықтайды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұған дейін әр кандидат үшін 400-600 мың теңге бөлінген болатын, - деді ҚР ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина.Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы 2020 жылғы 12 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға дайындық және оны өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров сайлау науқанының негізгі кезеңдері мен кандидаттарға қойылатын талаптар туралы айтты.