Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сенат республикалық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарды

20 Қараша 2025, 13:53
278
Бөлісу:
 Үкімет баспасөз қызметі
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Сенат отырысында депутаттар "2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" және "Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" заңдарды қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айта кетерлігі, үш жылдық бюджет шығындарының ең үлкен бөлігі дәстүрлі түрде әлеуметтік салаға тиесілі: 33,8 трлн теңге.

2026 жылы республикалық бюджет шығындары 27,7 трлн теңге көлемінде, кірістер – 19,2 трлн теңге болып жоспарланған. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2,5% болады.

Өңірлердің кіріс болжамы жаңа Бюджет және Салық кодекстеріндегі түзетулерді: жеке табыс салығындағы ұлғайтылған шегерімдер, прогрессив шкала, акциздердің өсуі, көлік салығы бойынша өзгерістер және басқа да нормаларды ескере отырып жасалған. Шығындар инфляция мен мемлекеттік қызмет тұтынушылары санының артуына сай есептелген.

Жалпы Сенат депутаттары бюджет жобасын қолдады. Сонымен бірге өңірлерге сапарлар және азаматтардан түскен өтініштер негізінде бірқатар түзетулер енгізуді ұсынды.

Сенаторлар келесі жылы өңірлердің ең өткір инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелерін қаржыландыру үшін Үкімет резерві есебінен қаражатты қайта бөлу бастамасын көтерді.

Енгізілген түзетулерге сәйкес қосымша қаражат бірнеше маңызды бағыттарға жұмсалады:

  • Жылу беру және жылу желілері – Лисаков және Қостанай қалаларындағы апатты учаскелерді қоса алғанда, бірқатар өңірлердегі жылу жүйелерін жаңғырту;
  • Газ және электр желілері – газбен және энергиямен қамту объектілерін жаңарту;
  • Төтенше жағдайлардың алдын алу – Атырау облысының Махамбет ауданындағы Талдықұл, Бейбарыс, Махамбет ауылдарында Жайық өзенінің, сондай-ақ Алға ауылында Жайықтың жағалауын бекіту;
  • Су ресурстары мәселелері – Маңғыстау облысында су тарту арнасын салу және Жезқазған қаласындағы Үйтай кен орны ұңғымаларын реконструкциялау;
  • Денсаулық сақтау – Ұлттық трансфузиология орталығын күрделі жөндеуден өткізу және жаңа нысандардың жұмысын қолдау;
  • Ұлттық жоба – қазақы ит тұқымдары (тазы және төбет) бойынша ұлттық орталықты іске қосу.

Сонымен қатар сенаторлар өңірлердегі инженерлік инфрақұрылымды, оның ішінде коммуналдық желілерді қаржыландыруды ұлғайтуды қолдады, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы қаражат бөлінісін нақтылады.

Енгізілген түзетулерді ескере отырып, үш жылдық республикалық бюджет жобасы Мәжіліске қайта жіберілді.

Өзгелердің жаңалығы