Сенат көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын өсіретін заңды бекітті

30 Сәуір 2020, 13:55
1633
Бөлісу:
Сенат көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын өсіретін заңды бекітті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақы туралы заң жобасын қабылдады.

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу" туралы заң жобасы мақұлданды. Бұл құжатта екі заң жобасы бар. Біріншісі көпбалалы отбасылардың жәрдемақысына қатысты, екіншісі террористік әрекеттен зардап шеккен, Қазақстанға оралған балаларға қолдау көрсетуге қатысты. 

 Алғашқы заң жобасы сегіз және одан көп баласы бар отбасылар үшін жәрдемақы мөлшерін арттыруды көздейді. 
Өздеріңізге мәлім, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, кәмілетке толмаған 4 және одан көп баласы бар отбасылар үшін жаңа мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған болатын. Ол отбасының кірісіне қарамастан, 42 496 теңгеден бастап 74 388 теңгеге дейінгі мөлшерде тағайындалады. Көпбалалы отбасындағы балалардың жәрдемақы алу құқықтарына нұқсан келтіруді болғызбау мақсатында заң жобасында сегіз және одан көп балаларға арналған жәрдемақының мөлшерін 4 айлық есептік көрсеткіштен және әрбір кейінгі балаға 10 мыңнан астам теңгеден белгілеу ұсынылып отыр. Осылайша 8 баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 84 832 теңге, 9 балаға 95 436 теңге, 10 балаға 106 000 теңге және одан кейінгі әр балаға 4 АЕК-тен беру ұсынылып отыр, - деді Сенатқа келген Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 8-ден 15-ке дейінгі балалары бар 2 451 отбасы бар екен.

Ал екінші заң жобасында Мәжілісмен террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту тәртібін айқындау жөніндегі құзыретті ҚР білім және ғылым министрлігіне бекітуді ұсынды.
Екінші жаңалық - террористік әрекеттен зардап шеккен, Қазақстанға оралған балаларға қолдау көрсету. Жүргізілген гуманитарлық операциялар аясында қақтығыс аймақтарынан 447 бала мен 164 әйел қайтарылды. Заң жобасында террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту тәртібін айқындау жөніндегі құзыретті ҚР білім және ғылым министрлігіне бекіту көзделіп отыр, - деді Айгүл Нұркина.
Өзгелердің жаңалығы