Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сенат: Энергия өндіретін ұйымдарды қолдайтын заң қабылданды

Бүгiн, 14:46
116
Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Сенат "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айта кетерлігі, заң бұған дейін Мәжілісте қабылданған болатын.

Аталған заңның мақсаты коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға берілетін субсидияларды, гранттарды және өзге де өтеусіз көмекті алушыларды мемлекеттік қолдау шеңберінде мемлекеттік субсидияларды толық игеруді қамтамасыз ету болып саналады. Заңның негізгі міндеті салық режимін нақтылауға негізделген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен және жергілікті атқарушы органдардан бөлінген субсидияларды, гранттарды немесе өзге де өтеусіз көмекті салық салу мақсатында табыс ретінде қарамау, сондай-ақ субсидиялар есебінен жүргізілген шығыстарды шегерімге қабылдамау ұсынылады, - деп атап өтті сенатор Бекбол Орынбасаров.

Аталған нормалар акцияларының немесе қатысу үлестерінің барлығы мемлекетке тиесілі, коммуналдық меншікте тұрған әрі электр энергиясын, суды (дистиллятты) және жылу энергиясын өндіру қызметін қатар жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдарға қатысты қолданылады.

Заң қабылданған жағдайда қаржы ресурстарын неғұрлым басым әрі стратегиялық маңызы бар бағыттарға қайта бағдарлауға мүмкіндік туады. Бұл өндірістік қызметті қолдауға және жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелерді орындауға арналған қаражатты қайта инвестициялауға жағдай жасайды деп күтіліп отыр. Сонымен бірге құжат энергетикалық қуаттардың сақталуын қамтамасыз етуге және халық пен кәсіпорындардың экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған.

Аталған заң жобасы жұмыс тобының, комитеттің және комитеттің кеңейтілген отырыстарында жан-жақты қаралып, егжей-тегжейлі талқыланды. Сенаттың тұрақты комитеттері тарапынан заң тұжырымдамасына қатысты ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ.

Өзгелердің жаңалығы