Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы" заңы мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Келісімге 2023 жылғы 31 шілдеде Мәскеу қаласында қол қойылған. Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Келісім қоймалық куәліктердің тұрақты айналысын, сондай-ақ қоймалық куәліктерді ұстаушылар үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге, аграрлық саланың кірістілігін арттыруға, ауыл шаруашылығы тауарларының электрондық саудасын дамытуға мүмкіндік береді, бұл ЕАЭО елдерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің аумағына қарай қашықтықта орналасуы жағдайында аса өзекті болып отыр. ЕАЭО нарығында қоймалық куәліктерді ілгерілетуге және пайдалануға, нарық конъюнктурасы қолайлы болған кезеңде қоймалық куәліктерді кепілге қою арқылы кредиттік қаражатты тарту және тауарды өткізу мүмкіндігі есебінен аграрлық саланың кірістілігін арттыруға жәрдемдесуге мүмкіндік береді, - деді сенатор Закиржан Кузиев.
Келісімге сәйкес қоймалардың қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте мүше мемлекеттерде қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету жүйесіне қойылатын талаптарды одаққа мүше елдердің ұсыныстары негізінде Еуразиялық экономикалық одақ кеңесі айқындайтын болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сенатор Әли Бектаев Премьер-министр Олжас Бектеновке азық-түлік сапасын бақылау зертханаларының жағдайы нашар екеніне байланысты сауал жолдады.