Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Бірғаным Әйтімова Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған сауалында лоторея қызметіне мемлекет бақылауын күшейту қажет екенін айтты.
Мамандардың айтуынша, жыл сайын әлемде орта есеппен шамамен 250 миллиард долларға лотерея билеттері сатылады.«Кейбір елде лотереялардан түсетін табыс денсаулық сақтауға, мәдениетке, білім беруге, спортты дамытуға және басқа да әлеуметтік мақсаттарға арналған бюджеттік шығыстардың едәуір бөлігін қамтамасыз етеді. Мысалы, АҚШ-та лотерея ойынынан түскен мақсатты аударымдарға Гарвард, Йель, Принстон, Дартмут, Браун және Колумбия университеттері, ал Лондонда Британ мұражайы салынған. Кеңес кезеңінде лотереялардан алынған қаражат есебінен әртүрлі мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды тікелей қаржыландыру немесе бірлесіп қаржыландыру әдісі кеңінен қолданылатын. Есіңізде болса, көптеген спорт ғимараттары мен азаматтық қорғаныс объектілері кезіндегі «Спортлото» және «ДОСААФ» ақшасына салынған болатын», - деп айтты Әйтімова.
Ол 2016 жылы ҚР лотерея және лотерея қызметі саласында «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңы қабылданғанын атап өтті. Заңның 1-бабы 13) тармақшасына сәйкес, ҚР Үкіметі айқындайтын заңды тұлға лотерея операторы ретінде лотереяларды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
Заңның 8-бабы 1-тармағына сәйкес лотерея операторының лотерея өткізуден басқа кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға құқығы жоқ. Заңның 6-бабында Үкімет лотерея операторын және оған лотерея өткізу құқығын беру мерзімін айқындайды.
«Қазақстан Республикасындағы жалғыз лотерея операторын таңдау барысында көптеген сұрақтар туындады. Заңға сәйкес лотерея операторларына қойылатын талаптарды әзірлеу, олардан әлеуетті ұсыныстарды қабылдау Мәдениет және спорт министрлігінің құзыретіне жатпайды. Бас прокуратура 2016 жылғы 24 қарашада Премьер-министрдің атына лотерея операторын анықтау тәртібін және оған лотерея өткізу құқығын беру мерзімін реттейтін нормативтік-құқықтық актіні қабылдау және лотерея қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынысымен хат жолдап, Үкіметте комиссия құрылды», - деп айтты депутат.
Әйтімованың айтуынша, Үкіметтің 2017 жылғы 10 ақпандағы № 48 қаулысымен лотерея операторы болып «Сәтті Жұлдыз» акционерлік қоғамы айқындалды. Заңның 14-бабына сәйкес лотерея операторының өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан, тіркелген лотерея мөлшерлемелерінен түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде 10% еліміздегі спортты дамытуға тоқсан сайын бағыттауға міндеті көзделген.
Алайда, депутаттың сөзінше заңда осы міндетті жүзеге асыру механизмі, аударымдардың қайда, қандай ұйымдар мен органдарға жіберілу тәртібі белгіленбеген.
«Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңның тұтастай барлық нормаларының іске асырылуы туралы; Үкіметтің елдегі лотереялар және лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу, оны дамыту, ұйымдастыру және өткізу үшін жағдайлар жасау бойынша қабылданып жатқан шаралары туралы; оператордың лотереядан міндетті аударымдар бойынша заң нормаларының іске асырылуы туралы ақпарат беруіңізді сұраймын», - деді сенатор.