ҚазАТУ-да Сенат депутаттарының көшпелі отырысы өтті

5 Ақпан 2020, 01:37
1801
Бөлісу:
ҚазАТУ-да Сенат депутаттарының көшпелі отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде "Қазақстан Республикасы аграрлық ғылымды дамытудың проблемалары мен перспективалары" тақырыбындағы ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысы болды. 

Көшпелі отырысқа ҚР Парламенті Сенатының комитет мүшелері, ҚР БжҒМ мен ҚР АШМ өкілдері, "ҰАҒБО" КеАҚ басқарма төрағасы Т.С.Рақымбеков, "С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ" КеАҚ басқарма төрағасы А.Қ.Күрішбаев, "Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ" ЖШС бас директоры А.В.Агеенко, "Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты" ЖШС бас директоры А.Ә.Сұлтанов және өзге де ғалымдар мен мамандар қатысты. 

Шара барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі талқыланатын тақырыптың өзектілігін ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы заңнаманы жетілдірумен қатар экономиканың стратегиялық маңызды салаларында іргелі, қолданбалы зерттеулерді жүргізу жұмыстарын жандандыру керектігі сөз болды. 

Осыған байланысты еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандар даярлайтын білім ордаларының заман талабына сай болуы да назардан тыс қалған жоқ. Ол үшін салада жетістікке жеткен елдердегідей білім ошақтарын ғылыми зерттеу университеттеріне айналдыру мәселесін жеделдету керектігі айтылды. 

Қатысушылар ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында елде арнайы салаға байланысты ақпарат құралдарының аздығы да өз кезегінде АШС алға жылжуына кедергі келтіретіндігі де айтылды.

Сондай-ақ, депутаттар университеттің инженерлік кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесімен танысып, геоақпараттық жүйелер бойынша Қазақ-Корей орталығы, Big Data орталығы, Жасанды интеллект орталығында болды. Сонымен қоса университетте шығарылған өнімдер депутаттар назарына ұсынылды. 

Ректор А.Қ. Күрішбаев өз сөзінде бүгінгі таңда ҚазАТУ еліміздегі ірі аграрлық зерттеу университет болуға дайын екеніндігін мәлімдеді. Одан бөлек ғылыми және кадрлық мүмкіндіктерге сай мамандар даярлап, ауыл шаруашылығында сенімді серіктес болуға жол ашылмақ. Осыған сәйкес аграрлық сектордың экономикасына арналған жаңа форматтағы мамандарды даярлауға бағытталған халықаралық жоба жүзеге асырылмақ.

Алдағы уақытта ҚазАТУ Франциядағы AgroParisTech университетімен бірге қосдипломдық білім беру жүйесіне көшу мен оқу бағдарламаларын жаңғырту бойынша жол картасын жетілдіріп жатқандығын тілге тиек етті.
Өзгелердің жаңалығы