Сенат бюджет шығыстарын 1,3 трлн теңгеге ұлғайтуды көздейтін заңды қабылдады

20 Мамыр 2021, 12:28
2194
Бөлісу:
Сенат бюджет шығыстарын 1,3 трлн теңгеге ұлғайтуды көздейтін заңды қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаттары «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға мемлекеттік бюджет шығыстарын 1,3 трлн теңгеге ұлғайтуды көздейтін түзетулер енгізуді мақұлдады.

Республикалық бюджеттің шығыстарын нақтылау мыналарға қажет болды:

- Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға – 884 млрд тенге;

- Коронавирустық инфекциямен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды қаржыландыруға - 265 млрд теңге;

- Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бұрын қабылданған міндеттемелерді орындауға – 154 млрд теңге.

Бюджетті нақтылау нәтижесінде оның әлеуметтік басымдығы сақталған, ал нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұл туралы бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Осылайша оның 723 млрд теңге сомасында едәуір үлкен бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталған. Бұл орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер ететін болады. Нәтижесінде осы саланың шығыстары 2,4 трлн теңге немесе жалпы шығыстар көлемінің шамамен 16 пайызы мөлшерінде жоспарланып отыр, - деді деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, бюджеттің әлеуметтік саласы жалпы алғанда 374 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені немесе жалпы шығыстардың 48,7 пайызын құрап отыр екен. 

Күш құрылымы шығыстары 211 млрд теңгеге өсіп, 1,6 трлн теңге сомасында жоспарланған. Жалпы мемлекеттік шығыстар 80 млрд теңгеге қысқартылып, 3,3 трлн теңгені құрайды. Бұл шығыстардың азаюы Президенттің бастамаларына арналған резервті қайта бөлумен байланысты. Қосымша шығыстардың айтарлықтай үлесі нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетінін атап өту қажет. Олардың жалпы сомасы 539 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 335 млрд теңге, - дейді министр.

Соның нәтижесінде республикалық бюджеттің параметрлері былай қалыптасқан. 

Республикалық бюджет түсімдері 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 12,6 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге 3,5% деңгейінде болжанып отыр, яғни 149 млрд теңгеге өскен. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 1,3 трлн теңгеге артып, 15,3 трлн теңгені құрайды, - деді Жамаубаев.

Өзгелердің жаңалығы