Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сенат "Аумақтық қорғаныс туралы" заңды мақұлдады

Әсел ӘБІЛБЕК
5 Маусым 2025, 11:02
648
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы" Заңы мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған заңдардың негізгі мақсаты қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу және мемлекеттік саясаттың заңдық негіздерін қамтамасыз ету. Заңдар аумақтық қорғаныстың тиімді жүйесін қалыптастыруға, жұмылдыру дайындығын арттыруға және төтенше жағдайларда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Негізгі заң аумақтық қорғаныстың мақсаттары мен міндеттерін, принциптері мен іс-шараларын айқындай отырып, мемлекеттің қорғаныс жүйесінде бөлек сала ретінде қарастырады. Осы бағытқа жеке сала ретінде заңда тиісті қаржыландыру көлемі және аумақтық әскери органдар мен бөлімдердің мәселелерін реттейтін нормалар көзделген. Заң жұмылдыру және әскери жағдай кезеңінде халықты және объектілерді қорғауға, аумақтық қорғаныс күштерін құруға, жұмыс тәртібін қамтамасыз етуге, жергілікті тұрғындарды қауіпсіздікті қамтамасыз ету іс-шараларына тартуға бағытталған. Заңға аумақтық қорғанысты тиімді ұйымдастыру үшін қажетті жаңа терминдер мен анықтамалар енгізілген. "Ерікті" және "Өзін-өзі қорғауды қалыптастыру" сияқты негізгі ұғымдар мемлекетіміздің қорғаныс жүйесіне бірінші рет енгізілді, - деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

Заңға Қазақстан Республикасы Президентінің, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, Үкіметтің, Қорғаныс министрлігінің, Қарулы Күштері Бас штабының, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері, заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері бекітілген. Қорғаныс күштердің құрамы мен жұмыс істеу тәртібін реттейтін «Аумақтық қорғаныс күштері»,- деген жеке тарау қарастырылған.

Аумақтық қорғаныс күштері төмендегі аспектілерді қамтиды:

1. Құқық қорғау органдарының күштері мен құралдары;

2. Қарулы Күштер, басқа да әскери бөлімдер мен құрылымдар бөлген күштер мен құралдар;

3. Аумақтық әскерлер;

4. Арнайы құрылымдар;

5. Өзін-өзі қорғау күштері.

Аумақтық әскерлер мен өзін-өзі қорғау құрылымдарының негізгі функциялары заңның жекелеген баптарында бекітілген. Жалпы, заңға қатысты аумақтық қорғаныс күштерінің жұмыс істеу тәртібі Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысын дайындау және іске асыру қағидаларында реттелетін болады. Заңда Қазақстан Республикасы Қорғаныс жоспарының құрамдас бөлігі болып табылатын аумақтық қорғаныс жоспарын әзірлеу және бекіту тетігі нақты белгіленген,-деді сенатор.

Оның айтуынша, Заңның қабылдануы бірнеше оң әлеуметтік әсер береді:

  • Аумақтық қорғаныс саласында орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігі артады;
  • Еріктілердің жарақат алуы немесе басқа да жағдайларда өтемақы төлеу құқығы қарастырылады;
  • Еріктілердің тұрақты әскери құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі белгіленіп, азаматтарымыз елімізді қорғауға қажетті білім мен тәжірибе жинақтауға, дағдыларды меңгеруге ұмтылады, патриоттық сана қалыптасады.

Қарулы Күштердің белгіленген құрылымының санына байланысты аумақтық қорғаныстың жеке сала ретінде заң нормаларымен бекітілуі мемлекеттің тұтастай алғанда әскери әлеуетін жақсартады және қорғаныс қабілетін арттырады. 

Өзгелердің жаңалығы