Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев 2019 жылғы республикалық бюджетті нақтылау бойынша баяндама жасады.
"Жалпы, 2019 жылы республикалық бюджеттің кірістері, трансферттерді есепке алмағанда 7 трлн 81 млрд теңгені құрайды. Түсімдер түрлері бойынша кірістер құрылымы сақталады. Көлемді түсімдерді қосылған құн салығы (2,8 трлн теңге), корпоративтік табыс салығы (2,0 трлн теңге), халықаралық саудаға салынатын салықтар (1,5 трлн теңге) құрайды. Республикалық бюджеттің тапшылығы бұрын бекітілген 1 трлн 365 млрд теңге деңгейінде сақталады. Жалпы ішкі өнімге қатысты бұл 2,1% процентті құрайды", - деді Мәди Такиев.Вице-министрдің айтуынша, республикалық бюджеттің параметрлері нақтылауды ескере отырып, келесідей болады.
"Түсімдердің жалпы көлемі 95 млрд теңгеге өсіп, 10,7 трлн теңгені құрайды. Трансферттердің түсімдері, оның ішінде Ұлттық қордан трансферттер өспейді. Шығыстар 95 млрд теңгеге артады, бұл кірістердің өсуімен сәйкес келеді. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 12 трлн теңгеден асады. Осылайша, түсімдер 10,7 трлн теңгені, шығыстар 12 трлн теңгені, тапшылық 1,4 трлн теңгені құрайды", - деп түйіндеді Мәди Такиев.
Бұған дейін әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы артатыны жайлы және алда инфляция деңгейі қандай болатыны туралы хабарлаған едік.