Үкіметте өткен брифингте вице-премьер Тамара Дүйсенова Семейдегі өртте тауарларынан айырылған кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, қазір арнайы комиссия өрттің себебін анықтап жатыр.
Меншік иесінің салғырттығынан ба, әлде басқа да мәселелер бар ма, себебін анықтаған соң, мәселені комиссия өзі қарайды. Ең алдымен себебін, екіншіден, сол жерде жұмыс істеген әрбір адамға келтірілген шығын көлемін анықтау керек, - деп айтты вице-министр брифингте.
Ол содан кейін барып қана қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Ең алдымен біз оларды (кәсібінен айырылғандарды – ред.) жұмыспен қамтамасыз етеміз. Әкімдік базар иесімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Толық ақпарат кейінірек белгілі болады, - деп түсіндірді Дүйсенова.
Еске салсақ Семейде 6 ақпанда "Ақшын" сауда үйінде өрт шыққан болатын. Өрттің алдын ала ауданы шамамен 4000 шаршы метрден асқан болатын.