Семейде жасөспірімдер арасында орын алған жағдай әлеуметтік желіні шулатуда. Мектеп оқушыларының озбыр әрекетінен таяқтың астында қалған баланың денсаулық жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық күйде. Алайда әлі де бақылауды қажет етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Күш көрсетіп, семейлік оқушыны таяқтың астына алған жасөспірімдерге қатысты күні кеше комиссия отырысының шешімі шыққан еді. Ал материалдар сотқа жолданған. Әлімжеттіктің құрбаны болған баланың жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық. Бірақ психоэмоционалдық күйі мен диагнозына байланысты бақылауда. Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі осылай хабарлады.
Диагноз – жабық бас-ми жарақаты. Басында, аяқ-қолдарында көптеген теріасты гематомалары бар. Қажетті тексерулер жүргізілуде. Тексеру қорытындылары бойынша өміріне қауіп төндіретін себептер анықталған жоқ. Науқас тіркелген емдеу орны бойынша толық медициналық және психологиялық көмек алды, - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.
Қылмыстық жағдай аймақ басшысының назарынан да тыс қалмады. Ол бүгін жасөспірімдер арасындағы жанжалға қатысты жиын өткізді.
Облыстағы барлық мектеп қатаң бақылауда болуы тиіс. Білім басқармасы құқық қорғау органдарымен бірге оқушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Өңірдегі мектептердің қауіп-қатер картасы жасалып, осындай жағдайлар кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет етуге арналған нақты іс-шаралар алгоритмі дайын болуы керек, - деді Абай облысының әкімі Берік Уәли.
Сондай-ақ Семей қаласының №9 мектеп директоры қызметінен босатылып, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қатаң сөгіс алды. Ал №15 мектеп директоры мен Ш.Уәлиханов атындағы "Жас Ұлан" арнайы ерлер мектеп-лицейі интернатының директорына сөгіс берілді.
Фариза Талғатбек