Семейдегі музей қоры құнды жәдігерлермен толықты

19 Сәуір 2023, 09:00
1100
Бөлісу:
Семейдегі музей қоры құнды жәдігерлермен толықты
Фото: автордан

Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры құнды жәдігерлермен толықты, деп хабарлайды BAQ.KZ-тің Абай облысындағы тілшісі.

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Алтай» археологиялық экспедициясының ғылыми жетекшісі, археолог Ғани Омаров музейге Абай облысының Аягөз ауданының Бозай ауылының жанындағы сақ кезеңіне жататын қорымнан табылған артефактілерді салтанатты түрде табыс етті.

Семейдегі музей қоры құнды жәдігерлермен толықты

Қазіргі Оқу-ағарту, бұрынғы Білім министрлігінің Ғылым комитетінің 2021-2023 жылдарға арналған гранттық жобасы аясында екі жыл бұрын Аягөз ауданындағы қола дәуіріне тиесілі ескерткіштерді зерттегенбіз. Екі жылдың көлемінде осы өлкедегі бұған дейін белгісіз болып келген 100-ге тарта қола, ерте темір дәуірі кезеңдерінің ескерткіштерін есепке алып, тіркеп, тізімдедік. Соның ішінде бұзылу, жоғалу қаупі төніп тұрған, жойылып бара жатқан ескерткіштерді бірінші кезекте зерттеуді алдымызға мақсат етіп қойғанбыз. Аталған жоба шеңберінде Бозай елді мекенінің жанындағы ерте темір дәуіріне жататын үш нысанды таңдап алып, биіктігі 3, диаметрі 30 метр қорғанда қазба жұмыстарын жүргіздік. Қорымның тоналғанын қазба басталмай тұрып білдік. Елең еткізерлігі, сақ дәуірінің ақсүйектерінің бірі жатқан қорғанды таптық. Сыртқы, ішкі құрылымы өз алдына, бұл ескерткіштің жерлеу рәсімі де өзгеше. Қабір шұңқырды қақпа тастармен қоршап қойған. Шет елге сараптамаға жібергенімізде ескерткіштің біздің заманымызға дейінгі 8-9 ғасырларға жататынын анықтады. Олай болса, бұл - Қазақстан жеріндегі сақ дәуірі ескерткіштерінің ішіндегі ең көнелерінің бірі, - дейді археолог.

Семейдегі музей қоры құнды жәдігерлермен толықты

Экспедициясының ғылыми жетекшісінің айтуынша, қорымнан Алтын адамның сыртқы киімінің қалдықтары, сол киімге тағылған көлемі тарыдан да кіші, өте ұсақ, сақина пішінді, басында қалпақшасы бар, аса ыждахаттылықпен жасалған зергерлік туындылар табылған. Бұдан бөлек бұғы бейнесіндегі, кеңірдек түріндегі жұқа алтын әшекейлер шыққан.

Семейдегі музей қоры құнды жәдігерлермен толықты

Бізді таңғалдырғаны, қорғаннан сәл де болса сақталған құстың сүйегі табылды. Мамандар зерттеу нәтижесінде оның бүркіт тұқымдас құс екенін анықтады. Мұндай құстың табылуы сирек. Бұған дейін Шығыс Қазақстанда С.Черников, одан кейін 1999 жылы Батыс Қазақстандағы Аралтөбедегі қазба кезінде археологтар бүркіттің қаңқасын тапқан. Мұның өзі саятшылық сол заманнан басталды ма деген ойға жетелейді. Бұл туралы ғалымдар арасында талқылау болатын шығар, - дейді зерттеуші.

Ғани Омаров музейге Бозай қорымынан табылған 2982 дана құнды жәдігердің түпнұсқасын тапсырды.

Семейдегі музей қоры құнды жәдігерлермен толықты

«Алтай» археологиялық экспедициясы биыл Аягөз өңірінде қазба жұмысын жалғастыратынын айтты.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес биыл түркі кезеңінің ескерткіштерін, яғни балбас тастарды зерттейміз. Жалпы, Аягөз өңірі өте аз зерттелген. Археологиядағы ақтаңдақ өлкелердің бірі, - дейді экспедиция жетекшісі.

Өзгелердің жаңалығы