Семей қаласында қоқыс контейнерінен жаңа туған баланың мәйіті табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл дерек бойынша хабарлама 3 ақпан күні Әуезов полиция бөліміне түскен. Тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлердің бірінен сүлгіге оралған нәрестенің денесі табылған.
Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы шықты. Алғашқы тергеу әрекеттері барысында үй жағдайында босанған 20 жастағы қыз анықталды. Оның айтуынша, сәби өмір белгілерінсіз дүниеге келген, - деп мәлімдеді Абай облысы полиция департаментінен.
Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу аясында жаңа туған баланың денесін қоқыс контейнеріне тастаған қала тұрғыны да анықталған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Нәрестенің мәйіті сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданып, оқиғаға қатысы бар екі адамның әрекетіне құқықтық баға беріледі, - делінген ведомствоның хабарламасында.
Бұған дейін Семейде 23 жастағы жігіттің денесі табылған еді.