Абай облысы ҚАЖД-ға қарасты № 20 мекеменің қызметкерлері Наурыз мейрамын тойлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Polisia.kz-тің мәліметінше, Семей қаласының қауіпсіздігі орташа мекемесінде жыл басы – Наурыз мейрамы атап өтілді.
Наурыз – ықылым заманнан бері тойланып келе жатқан халықтың өмірімен тығыз байланысты мереке. Бұл күні барлық аспан денелері өздерінің алғашқы нүктелеріне оралады, күн мен түн теңеседі және жер бетінде қуаныш орнайды.
Мекеменің акт залында ұйымдастырылған іс-шараға барлық бөлімдер қатысты. Мерекеде күмбірлеген күйлер тартылып, патриоттық әндер шырқалды. Жас қызметкерлер келін түсіру рәсіміне қатысып, қазақтың беташар дәстүрін көрсетті.
Осынау игі іс-шараның көркін қазақтың ұлттық ойындары да қыздырды. Қызметкерлер өзара арқан тартысты. Мерекелік әрбір үстелге мекеме қызметкерлері дайындаған дәстүрлі Наурыз көже тағамы қойылды.
Сіздерді Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Наурыз – көктем, табиғаттың жаңаруы, үйлесімділік, жарық пен жақсылық мерекесі. Сіздерге зор денсаулық, отбасылық амандық тілеймін. Бұл мереке әр үйге бейбітшілік пен тыныштық алып келсін. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! – деп ақжарма тілегін ақтарды Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №20 мекеменің бастығы Арслан Мұхаметжанов.