Семейде қандай өзгерістер болады?

14 Наурыз 2023, 14:13
2159
Бөлісу:
Семейде қандай өзгерістер болады?
Фото: Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Семей өз алдына облыс орталығы болғалы осы сауал жиі қойылып жүр. Тұрғындар 25 жыл бойы назардан тыс қалып, тоз-тозы шыққан шаһардың өзгергенін қалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ-тің Абай облысындағы тілшісі.

Жаңа облыс орталығының жаңа әкімі Нұрбол Нұрсағатов «Бұл күн де алыс емес. Семейде көп өзгеріс болады» дейді. Қала әкімінің айтуынша, биыл шаһардың ішкі келбетіне, әсіресе үйлердің сыртқы дизайнына ерекше көңіл бөлінеді.

Семейде қандай өзгерістер болады?

 Семейдегі 32 көп қабатты үйдің қасбеті түрлі түске боялады

Біз үйлердің қасбетін әрлеумен ғана шектелмейміз. Биыл қаладағы бірнеше көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасына муралдар салынады. Мәселен, Шәкәрім, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев көшелеріндегі үйлерге сол тұлғалардың муралдары бейнеленеді, - дейді қала әкімі.

Семейде қандай өзгерістер болады?

Жаңа ғимараттың бәрі Сол жағалауда салынады

Семейде мәселе көп екені ешкімге жасырын емес. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та талай мәрте айтты. Мемлекет басшысы қаланың облыс орталығы мәртебесін алуына байланысты жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырды. Семей қалалық сәулет бөлімінің басшысы Ардақ Исатаевтың айтуынша, қазір шаһардың бас жоспарын әзірлейтін ұйымды анықтау жұмысы жүргізіліп жатыр. 

Қаланың оң жағалауында жылу тапшылығы бар. Соған орай құрылысты шаһардың сол жағалауында жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезеңде құрылыс «Заря» ықшам ауданында жүргізіледі. Бұл Ескі көпір мен Селевин көшесінің аралығындағы Ертіс жағалауы. Осы аумақта бірнеше көп қабатты үй салынады. Нақтырақ айтсам, 27 он екі қабатты, 68 тоғыз қабатты үй бой көтереді. Мың екі жүз орындық мектеп пен 140 және 240 орындық балабақша тұрғызылады,- дейді ол.

Семейде қандай өзгерістер болады?

12 жаңа автобус келді

Семейдегі өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көлік. Қалада автобус та, жүргізушілер де жетіспейді. Жақында шаһарға 12 жаңа автобус келді. Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның 5-уі 8 наурызда желіге шыққан. 

Бұған дейін қалалық әкімдік тасымалдаушыларға қоғамдық көліктердің санын арттыру бойынша тапсырма берген болатын. Өткен аптада “Таксомоторлы парк" ЖШС 12 үлкен класты автобустарды сатып алып, Алматыдан Семейге жеткізді. 50 жолаушы сыятын 25 орындықты үлкен класты 12 автобус №1, №36 маршруттарда қызмет көрсететін болады. Қалған 7 автобус тиісті тіркеу құжаттары аяқталғаннан кейін шамамен желіге 15 наурыздан бастап шығады деп күтілуде, - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Семей қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Медет Алтаеавтың айтуынша, жыл соңына дейін тасымалдаушы кәсіпорындар тағы да бірнеше шағын және орта класты автобустарды сатып алуды жоспарлап отыр. 

Өзгелердің жаңалығы