№1 Семей арнайы қызмет көрсету орталығы директоры мекеме қамқорлығындағы психикалық дертке шалдыққан төрт науқасты шаруа қожалығында құрылыс жұмыстарына жеккен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қылмыстық істі облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы ҚР ҚК-ның 128-бабы 2-бөлігінің 6,9,11-тармақтары (адам саудасы) бойынша тергеген. Қазіргі уақытта іс сотқа жолданды.
Мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері техникалық қызметкерлердің орнына науқастарды пайдаланып, үй-жайды тазалауға, тамақ дайындауға мәжбүрлеп, әрекетке қабілетсіз адамдарды заңсыз әрекеттерге тартып, есепшоттарынан жәрдемақыларын жымқырған (сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде), - деп хабарлады Абай облысының прокуратурасы.
Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша, уәкілетті органдарға медициналық-әлеуметтік мекемелерде ұсталатын адамдардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ олардың жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар нақты міндеттер жүктелді.